Тіл үйретуде пікір айтудың тілдік құралдарын меңгерту әдістері
Loading...
Date
Authors
Baiteliyeva, Zhanar
Journal Title
Journal ISSN
Volume Title
Publisher
Nazarbayev University School of Sciences and Humanities
Abstract
Бүгінгі таңда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, шет тілі ретінде оқытудың түрлі технологиялары дамуда. Атап айтсақ, Ф.Оразбаеваның коммуникативтік технологиясы, З.Бейсембаева мен К.Жақсылықованың модульдік технологиялары, Н.Құрманованың дамыта оқыту технологиясы, А.Сәтбекованың жобалай оқыту технологиясы, З.Күзекованың тілді функционалды грамматика тұрғысынан оқыту технологиясы т.б. Осы мақала ғалым З.Күзекованың тілді функционалды грамматика тұрғысынан оқыту технологиясы бойынша пікір айтудың тілдік құралдарын тіл нйренушілерге қалай меңгертуге болатындығын сөз етуді мақсат етеді. Функционалды грамматиканың да, құрылымдық грамматиканың да зерттеу нысаны тіл болғанымен, айырмашылығы зерттеу мақсаттары мен принциптерінде. Функционалдысемантикалық аспекті грамматикалық тұлғалар мен категориялардың мағыналық құрылымын тілдік жүйеде ғана емес, олардың жұмсалым ортасы сөйлеумен бірге алып қарайды. Н.Д.Арутюнова, А.В.Бондарко, Г.А.Золотова, Н.Ю.Шведова және тағы басқа лингвистердің тілдегі функционалды, коммуникативтік бағыттағы еңбектерін ерекше атауға болады. Бұл ғалымдардың теориялық тұжырымдары барлық тілге ортақ мәселені көтерген. Функционалды грамматикада тіл деңгейі бірліктеріне талдау кешенді түрде жүргізіледі. Мұнда тіл деңгейлері арасындағы байланыс ортақ семантика арқылы жүзеге асады. Мазмұнды беруге қатысатын әр деңгей элементтері жеке дара емес, мағыналық тұтастықта алып талданатындықтан, бұл функционалды грамматиканың, бір жағынан, деңгейлі (дәстүрлі) грамматикадан ерекшелігін көрсетсе, екінші жағынан, құрылымдық сипаты бойынша «түрлі деңгейлі», басым сипатына қарай «жүйелі-үйлестіруші» грамматика деп аталуына негіз болады. Дәстүрлі грамматикада әр тіл деңгейі – фонетика, лексикология, морфология, сөзжасам, синтаксис жеке-жеке алынып, ондағы тілдік бірліктердің өзіндік ерекшеліктері жете ашық көрсетілетіндіктен тілде ол «жүйелі-саралаушы» деген сипатқа ие болып келеді. Осы аталып отырған теорияның тіл үйрету әдістемесінде, әсіресе, шет тілдерін оқытып, үйрету барысында табысты пайдаланылып жатқанын З.Күзекова өз мақаласында атап көрсетеді [1]. Мәселен, орыс тілін оқытуға байланысты 2007 жылы жарық көрген «Дорога в Россию» (Антонов В.Е., Нахабина М.М., Толстых А.А.), «Приглашение в Россию» (Корчагина Е.Л., Литвинова Н.Д.) атты оқулықтарда грамматиканы түсіндіруде функционалды коммуникативтік бағыттың біраз элементтері қолданылғанына көз жеткізуге болады.
Description
Citation
Baiteliyeva, Zhanar (2013) Тіл үйретуде пікір айтудың тілдік құралдарын меңгерту әдістері. Nazarbayev University School of Sciences and Humanities