Лаура Дәуренбекова ф.ғ. к., Назарбаев университеті А.Чеховтың «Хамелеон» әңгімесінің аудармасындағы көркем антропологияның берілу тәсілдері Аннотация: Мақалада А.Чеховтың «Хамелеон» әңгімесінің аудармасындағы көркем антропологияның берілу тәсілдері, Ә. Бөкейханов аудармасы негізінде қарастырылады. Аударма барысында түпнұсқадағы адам мінез-құлқын беретін мағыналық бірліктерді сақтау үшін, бірнеше шарттар ұсынылады. Салыстырмалы-салғастырмалы жұмыстарды жүргізу арқылы аударманың қандай деңгейде жасалғанына баға беріледі. Аннотация: В статье рассматриваются способы передачи художественной антропологии на основе перевода рассказа А.Чехова «Хамелеон», сделанного А.Букейхановым С целью сохранения смысловых единиц человеческого поведения в тексте оригинала, в переводе приводятся несколько вариантов. В ходе сравнительно- сопоставительного анализа дается оценка уровню перевода. Abstract: This article describes how to transfer the artistic anthropology during the translation of literary works. The translation of Chekhov’s story "Chameleon" made by A.Bukeyhanov is taken as an example. In order to preserve semantic units of human behavior in the original text, the translation gives several options. During the comparative analysis the level of translation was assessed. Түйін сөздер: антропология, комуникация, дискурс, мәтін, диалог, ситуация, образ, бейне. Ключевые слова: антропология, комуникация, дискурс, текст, диалог, образ. Keywords: anthropology, communication, discourse, text, dialogue, image. Ә. Бөкейханов Еуропа мәдениетін меңгере отырып, ұлттық әдебиеттің, мәдениеттің дамуына өз септігін тигізетін мағынасы терең шағын әңгімелерді аударған екен. Оның аудармаларының ішінен 1918 жылдардағы «Қазақ» газетіне басылған А. Чеховтың «Хамелеон» әңгімесіндегі Очумелов бейнесіне назар аударайық. Хамелеон – азған кесіртке. Қорыққанда ісіп, кеуіп қысқарады, ұзарады, көгеріп, қызарып құбылады. Айнымалы тұрлаусыз құбылғыш адамды орыс хамелеон дейді [1, 337-б.]. – деп аудармашы түсінік беріп кетеді. А.П. Чехов аталған әңгімеде кейіпкердің құбылмалы мінезін нақты ситуацияларда көрсетіп отырады. Аударма барысында аудармашы түпнұсқаның стилі мен кейіпкерлердің бейнесін дәл сақтап, Чехов кейіпкерлерінің көркем антропологиясын сақтауға күш салған. Жалпы, антропология – адам туралы ілім. Пәлсапа, мәдениеттану, психология, антропология сияқты ғылым салалары Адам мен Әлем арасындағы қарым-қатынастардың мағынасын, мәнін, маңызын жүйелі зерттеуге кіріскен [2, 161-б.]. Әдебиетте бұл көркем антропология деп аталынады. Яғни, әдеби шығарманың ішкі әлемін, адамның табиғи қасиеттерін қоршаған ортамен байланыстыра бейнелеу тәсілін көркем антропология да қарастырады. Нақтырақ айтсақ: «Әдеби шығармадағы адамның көркем образын алсақ, оның бой-тұлғасындағы, кескін-кейпіндегі, жүріс-тұрысындағы, қимыл-әрекетіндегі, ойлау-сөйлеу әдетіндегі өзгеше сипат-белгілерді нақтылы суреттеу арқылы жазушы типтік қасиеттерді, яғни қоғамдық жағдай туғызған, басқаларға ортақ, жалпылық мәні бар ерекшеліктерді айқын танытады» [3, 185-б.]. Ал, көркем аудармада жазушының бейне жасау ерекшеліктерін түпнұсқаға сәйкес дәл беру аудармашы міндетіне жатады. Аударма барысында түпнұсқадағы образдың көркем антропологиясын сақтау үшін, аудармашы мынадай мәселелерді білуі шарт: 1. Автордың айтпақ ойын, идеясын түсіну; 2. Кейіпкер образы арқылы, мәтін авторының табиғатын, көзқарасын тану; 3. Образ көркем тіл арқылы жасалынады. Сондықтан да, кейіпкердің сөйлеу ерекшелігін түпнұсқаға сәйкес беру (дискурс-диалог, монолог); 4. Кейіпкердің жекелік қасиеттерін, көпке ортақ жалпылық қасиеттерін тереңдеп түсінуге қол жеткізу; 5. Кейіпкердің кескін-келбетін (портретін) жасауда қолданылған бейнелеуіш сөздерді суреттеу; 6. Кейіпкер сөзіндегі дыбыс үйлесімділігін (аллитерация, ассонанс т.б.), ырғақты сақтау; 7. Кейіпкер бойындағы психологиялық жай-күйін беретін, бейвербалды амалдарды (ым-ишара) сақтау; 8. Шығармадағы штрих-детальдардың қызметін атқаратын адамның дене мүшелерін дәл беру; 9. Аударылып отырған кейіпкерлердің ұлттық болмысын, ділін түсініп аудару. Мәтіндегі автор концептін ерекше айқындайтын жоғарыдағы мәселелерге назар аудара отырып, салыстырмалы-салғастырмалы жұмыстарды жүргізу арқылы аударманың қандай деңгейде жасалғанына баға бере аламыз. Әңгіме жанрының шебері А.Чеховтың әңгімелерінің барлығы дерлік қазақ тіліне аударылды. Тіпті, қазақ әдебиетінде әңгіме жанрының өсіп-өркендеуіне А.П. Чеховтың әсері зор болған. Мәселен, жазушы М. Әуезов «Мен А.П. Чеховтың жазушылық сұлу жанымен жазылған кітаптарын қайта-қайта оқимын. Оның шығармалары көркемдік құрылыс жағынан айқын сырлы, сезімді, терең. Сондықтан Чехов таң шапағын жамылған сәулелі шың сыпатты байқалады... Оған әр халықтың адамдары сүйспеншілік көңілмен жақындай береді» [4, 279-б.] – деп жазушы шығармашылығына баға берген екен. Жазушы әңгімелеріндегі оқиғалар, оның бейнелеп отырған өмір көріністері мен кейіпкерлерінің іс-әрекеттері шынайы да айқын. Әсіресе, юмор мен сатира – Чехов стиліне тән ерекшеліктер. «Трагедия мен комедияны тығыз байланыстыра біледі. Міне, бұл Чехов талантының өзгешелігі, оның үстіне Чеховтың ұлы шеберлігі де осында» – дейді В.Г.Белинский [5, 580-б.]. Шынында да, біз қарастырғалы отырған жазушының «Хамелеон» әңгімесін траги- комедия деп атауға болады. Автор Очумелов бейнесі арқылы қоғамдағы құлдық сананы суреттейді. Орта дәрежелі адамдардың өзінен лауазымы жоғарыларға жағынамын деп, өздерін қор етуі ситуация арқылы айқындалып отырады. Қос тілдегі шығарманы салыстыра отырып, Ә.Бөкейханов А.Чеховтың сөз қолданудағы мәнерін, тілінің юморлық ерекшелігін жақсы түсінгендігін аңғарамыз. Мәселен: күшіктен жапа шеккен Хрукин шағымынан кейін полиция надзирателі Очумелов: - Гм!...Хорошо... – говорит Очумелов строго, кашляя и шевеля бровями. Хорошо... Чья собака? Я этого не оставлю. Я покажу вам, как собак распускать! Пора обратить внимание на подобных господ, не желающих подчиняться постановлениям! Как оштрафую его, мерзавца, так он узнает у меня, что значит собака и прочий бродячийскот! Я ему покажу кузькину мать!..Елдырин, - обращается надзиратель к городовому, - узнай, чья это собака, и составляй протокол! А собаку истребить надо. Не медля! Она наверное бешеная... Чья это собака, спрашиваю? [6, 81-б.] - Жарайды, кімнің иті екен бұл өзі? Итті бос ұстау қалай екенін көрсетемін. Үкімет жарлығын орнына келтірмегенді әкесін танытармын! Барса келмеске жіберермін. Штраф салам! Елдрин, кімнің иті екенін біл, иесін тап, протокол жаз. Бұл бәлкім құтырған ит шығар. Итті қазір өлтір! Бұл кімнің иті өзі? Айтыңдаршы! [7, 133-б.] Автор Очумеловтың «кашляя и шевеля бровями жөтелінкіреп, қастарын қозғалтып» деп сан қилы ақпарат алуға болатын бейвербалды тәсілдер арқылы кейіпкердің образын аша түседі. Очумеловтың қолданған ишарасы қазақ тіліне аударылмай қалған. Аудармашы адам мінезін ашатын, диалогтың ырғағын сақтауды мақсат еткендей. Түпнұсқа мен аударманы салыстырсақ Очумеловтың өктем-өктем сөздерінен қарапайым халыққа жанашыр, әділетті надзиратель бейнесі елестесе, енді бір сәтте басқа қырын көрсетеді: - Это, кажись, генерала Жигалова! – говорит кто-то изтолпы. – Нешто она достанет до пальца? Она маленькая, а ты ведь вон какой здоровила! - Генерала Жигалова? Гм!...Сними-ка, Елдырин, с меня пальто... Ужас, как жарко! Должно полагать, перед дождем... Одного только я не понимаю: как она могла тебя укусить? Бұйрықпен өктемсіп сөйлеп тұрған Очумелов жанаралдың есімін ести сала, бастапқы ойынан айнып қалады. Оның түр-түсінің өзгеріп, сасқалақтағанын автор сырт киімін шешіп, қайта кию қимыл-әрекетін сипаттау арқылы шынайы бейнесін ұтымды береді. Бұл диалогтың қазақ тіліндегі аудармасына назар аударайық. - Бұл мен білсем, жанарал Жигаловтың иті болса керек – деді. - Жанарал Жигаловтыкі дей ме? Әй, Елдырин, жеңімді тартшы! Терлеп кеттім ғой. Күн қандай ыстық. Жаңбыр жауар ма екен, қайтер екен? Мен әлі түсінгенім жоқ. Бұл күшік сені қалай қапты? Күшік биттей, сен сырықтайсың. Күшік өзі сенің қолыңа қалай жетеді? Көрсетілген диалог-мәтіннің (дискурстың) алғашқы сөйлемдерінде «Жигаловтың күшігіне тиісемін деп, қызметімнен айрылып қалар ма екем?» деген сияқты ой жатыр. Бірақ ол ой ашық айтылмаған. Алайда оқырман әлгі ойды дәл түсінеді. Елдиринде Очумеловтың сасқалақтау себебін айтқызбай біліп, күшік иесін анықтауға кіріседі. Екі кейіпкер арасында жағдаяттық, әлеуметтік, ортақтықтар болғандықтан, олар бірін-бірі жақсы біліп, сөз астарын түсінеді. Ә.Бөкейхан әңгімедегі дискурсты түпнұсқамен дәлме-дәл, қазақ оқырманының түсінігіне лайықтап бейнелі берген. «Дискурс» терминін бірінші қолданған адам – француз ғалымы Э. Бенвенист. Ол сөйлеу, сөйленім, сөйленіс (высказывания) атаулының бәрін дискурс деп атап, оны монологқа қарсы қойды [8, 78]. Яғни, дискурс диалог- мәтіннен тұрады. Ол - тілдік коммуникация түрі. Дискурс – ауқымы кең, күрделі құрылым. Оған прагматикалық, когнитивтік, этнолингвистикалық, мәдениеттанымдық, әлеуметтік, менталдық, психологиялық, семантикалық сипаттар тән. Бұлар әлгі диалог- мәтінді маңызды, мәнді, әрі түсінікті етуге септігін тигізеді. [9, 3-б.]- деген пікірге сүйенсек, адам бейнесін ашуда да дискурстың маңыздылығын байқауға болады. Очумелов – жалтақ адам. Ситуацияға қарай тез өзгереді. Оған қарапайым халықтың жағдайынан гөрі, өз қара басының қамы маңыздырақ. «Жанаралдың күшігі», «Жанаралдың күшігі емес» дегенді естігенде бірден құбылады. Мәселен: «-Ища! Жел соғып кетті ғой. Тоңайын дедім... Шинелімді әкелші, киейін. Сен, Елдрин, күшікті жанаралға апар, сұра! Мен тауып алып, жіберді дегейсің... Енді орамға шығара көрмесін. Бұл күшік қымбат ит шығар. Кез келген шошқа тұмсыққа папироспен түртсе, нәресте, шырағыма жәбір болар...Сен хайуан қолыңды көтерме. Өзің айыптысың» десе, - Да разве братец ихний приехали? Владимир Иваныч?– спрашивает Очумелов, и все лицо его заливается улыбкой умиления. Жүзіне күлкі үйіріліп, лезде өзгеріп сала бергенін бейнелейді. Ал, қазақ тілінде кейіпкер жүзін бейнелемесе де, аудармашы кейіпкер мінезін беру үшін аудармадағы ұлғайту тәсілін қолданған. Яғни, сөйлеміне сөйлем қоса отырып, Очумеловтың жарамсақтануын ұтымды келтірген. «- Ее! Жанарал ағасы Владимир Иванычкеліппе еді? Мен білгенім жоқ еді. Қонаққа келді ме? Апырмау, мен білгенім жоқ» - деп бір сәтте. Очумелов қоршаған ортасына айбарлы дауыс, дөрекі іс-әрекетімен әсер етеді. Ол мәнсапқор, мәнсапқа тәуелді шенеунік. Жанаралға жағыну үшін, тіпті оның күшігіне де бас июге дайын. Мәселен, түпнұсқаға назар аударайық: «Так это ихняя собачка? Очень рад... Возьми ее... Собачонка ничего себе... Шустрая такая... Цап этого за палец! Ха-ха-ха... Ну, чего дрожишь? Ррр... Рр... Сердится, шельма... цуцык этакий... Прохор зовет собаку и идет с ней от дровяного склада...» «Япырмай, туысқанын сағынған ғой. Мен білген жоқ едім. Мынау нәресте жанарал ағасынікі ме? Тіпті жақсы болды. Қуанып қалдым ғой! Сен күшікті ал, қандай әп-әдемі күшік. Ап-ап, деп мынаның қолын тістеп алыпты, ха-ха-ха. Күшігім-күшігім, шырағым, неге қалтырайсың? Ешкім тимейді, қорықпа, ырылдама қарағым! Қандай сүйкімді!.. – дейді Очумелов төре. А.П. Чехов шағын ғана әңгімесінде оқырманның сезімі мен эмоциясына әсер ететін образды шебер бере білген. Ал, аудармашы кейіпкер болмысына тән психологиялық ерекшеліктерді жіті аңғарып, диалогтардағы ырғақтарға бас мән берген. Ең бастысы, Ә.Бөкейханов түпнұсқадағы адам мінез-құлқын беретін мағыналық бірліктерді сақтай отырып, шығармадағы өмір шындығын көрсеткен. Әдебиеттер: 1. Бөкейханов Ә.Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 384 б. 2. Есембек Т. Көркем мәтін поэтикасы. Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 227 б. 3. Әдебиеттану терминдер сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 383 б. 4. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы: Жазушы, 1989. –187 б. 5. Белинский В.Г. Полн. собр. соч. 1 том. – М. 1952. 6. Чехов А.П. Рассказы и повести. – М. Худ. Лит. 1954. – 523 с. 7. Чехов А.П. Әңгімелер. 1 том. – Алматы: Жазушы, 1979. – 328 б. 8. Бенвенист Э. Лингвистика текста. – М. 1978. – 214 с. 9. Қалиұлы Б. Дискурс және оның тілдік белгілері. // Қазақ университеті, «Хабаршы» фил. сер. 2002.